Оферта шарты
onayipoteka.kz цифрлық платформасында Брокерлерге қызмет көрсету туралы

  • 1-тарау. Терминдер мен анықтамалар

    1. Осы onayipoteka.kz цифрлық платформасында Брокерлерге қызмет көрсету туралы шартта (бұдан әрі – Шарт) мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
    1) Банк – Платформа арқылы берілген банктік қарызды беру үшін қажетті құжаттарды, мәліметтерді және басқаларды қарауға қабылдайтын Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі;
    2) Брокер – Клиентке тұрғын үйді және оны сатып алуға арналған банктік өнімдерді таңдау бойынша консультациялық қызметтер көрсету үшін жазылым моделі шеңберінде Платформаны ақылы негізде пайдалануға тартылған Платформа пайдаланушысы;
    3) Шарт – Оператор мен Брокер арасында жасалған onayipoteka.kz цифрлық платформасында Брокерлерге қызмет көрсету туралы шарт;
    4) Құрылыс салушы – Клиенттің банктік кредиттеу құралдарын пайдалана отырып сатып алуы үшін Платформада құрылыс/жылжымайтын мүлік объектілері туралы мәліметтерді орналастыратын заңды тұлға;
    5) Қосылу туралы өтініш – Оператор белгілеген нысан бойынша Брокердің Операторға жолданған, Шартқа қосылу ниетін және Шарт талаптарымен келісімін қамтитын ұсынысы (офертасы);
    6) Клиент – тұрғын үйді және оны сатып алуға арналған банктік өнімдерді таңдау бойынша консультациялық қызметтерді тұтынушы болып табылатын жеке тұлға;
    7) Оператор – «ABM software solutions» ЖШС;
    8) Жазылым – Оператор белгілеген талаптар мен Тарифтерге сәйкес Брокерге белгілі бір мерзімге Платформаның функционалына ақылы қол жеткізу;
    9) Пайдаланушы – Платформада тіркеуден өткен әрекетке қабілетті жеке тұлға (оның ішінде дара кәсіпкер) немесе заңды тұлға;
    10) Платформа – сайтты, бағдарламалық интерфейсті, жеке кабинеттерді, ішкі тізілімдерді, CRM жүйесін, есепке алу кестелерін және Пайдаланушыларды есепке алудың өзге де техникалық құралдарын қамтитын, Операторға тиесілі www.onayipoteka.kz цифрлық платформасы;
    11) Тариф – Брокердің Платформа функционалына қол жеткізуі үшін төлем мөлшерін, сондай-ақ оның көлемін айқындайтын Оператордың ішкі құжаттарының жиынтығы;
    12) Есептік жазба – Платформаға қол жеткізуді қамтамасыз ететін Пайдаланушы деректерінің (логин, құпиясөз, рөл, атрибуттар) жиынтығы.

  • 2-тарау. Негізгі ережелер

    2. Шарт Оператордың Қосылу туралы өтініште қамтылған Брокер офертасын акцептеуі арқылы жасалады. Оператордың Платформада Брокердің Қосылу туралы өтінішін қабылдауы акцепт болып табылады.
    3. Брокер Қосылу туралы өтінішті Платформада тіркелу және авторизациядан өту кезінде жібереді; бұл Брокердің Шарт талаптарын толық көлемде, ешқандай ескертусіз және қарсылықсыз оқығанын, түсінгенін және қабылдағанын білдіреді және ол Шартқа қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы нақты қол қойылмағанына сілтеме жасауға құқылы емес.
    4. Шарт жасалғаннан кейін Тараптар Шартқа, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және Оператордың ішкі құжаттарына сәйкес құқықтарға ие болады, міндеттемелер қабылдайды, сондай-ақ аталған міндеттемелерді орындамағаны үшін жауапты болады.
    5. Оператор мен Брокер арасында жасалатын Шарт Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 389-бабына сәйкес қосылу шарты болып табылады және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 152-бабының талаптарына сәйкес жазбаша нысанда ресімделген болып есептеледі.
    6. Оператор Брокердің өзіне ұсынған ақпараты негізінде Брокерге Платформа функционалына қол жеткізу мүмкіндігін беру туралы шешім қабылдайды.
    7. Шартты жасасу арқылы Брокер Операторға Шартта көзделген жағдайларда Брокердің Платформадағы есептік жазбасына қол жеткізуді тоқтата тұру немесе бұғаттау жөніндегі әрекеттерге келісім береді.
    8. Шартты жасасу арқылы Брокер Операторға Платформа арқылы ақпарат алуға келісім береді және Оператор Брокерге жолдаған ақпараттың үшінші тұлғаларға қолжетімді болуы мүмкіндігіне байланысты барлық тәуекелдерді өз мойнына алады.
    9. Шарт жасалғаннан кейін Қосылу туралы өтініш берілген кезде қолданыста болған Жазылымды ресімдеу Тарифтері қолданылады. Шарттың қолданылу мерзімі ішінде Оператор Тарифтерді өзгерте алады.

  • 3-тарау. Платформа. Платформада жұмыс істеуге қойылатын талаптар

    10. Оператор осы Шарттың талаптарына сәйкес Брокерге Платформа функционалына қол жеткізу мүмкіндігін береді.
    Платформаның құрылымын, функционалын және оның жұмыс істеу талаптарын Оператор дербес айқындайды.
    11. Платформа Платформа Пайдаланушыларының өзара іс-қимылына арналған функционалды пайдалануға мүмкіндік беретін ақпараттық-технологиялық сервистерді ұсынады және аталған тұлғалар арасындағы азаматтық-құқықтық мәмілелердің тарапы болып табылмайды әрі олардың арасындағы есеп айырысуға қатыспайды.
    12. Платформа қаржылық, банктік, брокерлік немесе лицензияланатын өзге де қызметтерді көрсетпейді, Пайдаланушылар үшін жұмыс беруші, агент, оның ішінде салық агенті болып табылмайды.
    13. Платформа «сол күйінде» және «қолжетімді күйінде» қағидаттарымен жұмыс істейді; Оператор Платформаның үздіксіз және уақтылы жұмыс істеуіне, оның барлық құрылғылармен үйлесімділігіне және қателердің болмауына кепілдік бермейді.
    14. Оператор onayipoteka.kz домендік атауын басқарады, Платформаның бағдарламалық кодына, дизайнына, логотиптеріне, фирмалық стиліне, дерекқорларына және өзге де элементтеріне айрықша құқықтарға ие.
    15. Платформаны пайдалану үшін Брокер Платформа талап ететін мәліметтерді көрсете отырып тіркеуден және авторизациядан өтеді, содан кейін тиісті рөлді таңдайды.
    16. Шарт шеңберінде Брокер Платформа функционалына қол жеткізеді және Клиентке мынадай қызметтерді көрсетуге құқылы:
    1) Платформаның жұмыс істеу талаптары, бастапқы және қайталама жылжымайтын мүлік нарығындағы, сондай-ақ Платформада орналастырылған құрылыс/жылжымайтын мүлік объектілері, банктік өнімдердің талаптары, банктік қарыз шарттарын жасасу және орындау қағидалары мен талаптары, Банктердің операцияларды жүргізуінің жалпы талаптары, тарифтік бағдарламалар, комиссия мөлшері және оны төлеу тәртібі туралы шынайы ақпарат беру;
    2) Клиенттің кредит қабілеттілігін талдау негізінде банктік қарыздың және оны өтеудің талаптарын айқындау үшін қажетті есептеулер жүргізу;
    3) кредиттік бюро кредиттік тарих жазбалары мен Клиенттің басқа да дербес деректері негізінде қалыптастыратын жеке кредиттік рейтингті жақсарту жөнінде ұсынымдар беру;
    4) Клиентке банктік қарыз алу үшін кейіннен Банктердің қарауына қажетті құжаттарды, мәліметтерді, келісімдерді және басқаларды қалыптастыру және беру жөніндегі әрекеттерді жүзеге асыруға жәрдемдесу;
    5) қажет болған жағдайда Клиенттің банктік салым, ағымдағы шот, қарыз шарттарын және басқа да шарттарды, келісімдерді, өтініштерді және басқаларды жасасуына байланысты іс-шараларды өткізуге жәрдемдесу;
    6) бастапқы және қайталама жылжымайтын мүлік нарығында тұрғын үй объектілерін сатып алу нұсқалары бойынша, олардың құқықтық тәуекелдерін, сондай-ақ Құрылыс салушыға, сатушыға және тұрғын үй объектісінің өзіне тән тәуекелдерді тексере отырып, ұсынымдар беру;
    7) Клиентке тұрғын үй объектісін сатып алу талаптары, банктік қарыз бойынша кепілдік қамтамасыз етуге қойылатын талаптар туралы ақпарат беру;
    8) тәуелсіз жылжымайтын мүлікті бағалау нәтижелерін қоса алғанда, банктік қарыз бойынша кепілдік қамтамасыз етуді құқықтық тәуекелдер және Банктердің талаптарына сәйкестік тұрғысынан қажетті тексеруден өткізу;
    9) Клиенттің тұрғын үй сатып алуға және банктік қызметтер алуға бағытталған Құрылыс салушылармен, тұрғын үй объектілерінің меншік иелерімен, тәуелсіз бағалаушылармен, нотариустармен, уәкілетті мемлекеттік органдармен, Банктермен және басқа тұлғалармен өзара қатынастарында сүйемелдеуді, келіссөздер жүргізуді, құжаттардың дұрыс жасалуы мен мазмұнын тексеруді, оларға қатысты ескертулерді жоюды қоса алғанда, іс-әрекеттерін жүзеге асыруына жәрдемдесу.
    Брокер Клиент берген сенімхат негізінде жеке кездесулер, телефон және өзге де келіссөздер барысында үшінші тұлғалармен өзара қатынастарда Клиенттің мүдделерін білдіруге құқылы.
    Брокерге Клиент атынан, оның ішінде Платформада, Құрылыс салушылардың, Банктердің және өзге үшінші тұлғалардың ақпараттық ресурстарында қалыптастырылатын құжаттарға қол қою құқығын сенім ауыстыру тәртібімен беруге жол берілмейді.

  • 4-тарау. Жазылым үшін ақы төлеу

    17. Оператор Брокерге Платформа функционалына белгілі бір мерзімге қол жеткізуді Оператор белгілеген талаптар мен Тарифтерге сәйкес ақылы негізде ұсынады.
    18. Жазылым ай сайынғы болып табылады және Брокер оны Платформада орналастырылған Оператордың деректемелері бойынша алдын ала төлем жасау талаптарымен төлейді.
    19. Жазылым Брокерге Платформа функционалына белгілі бір мерзімге қол жеткізуді қамтамасыз етеді және Клиенттердің тартылуына, Пайдаланушылармен мәмілелер жасалуына, табысқа немесе өзге де экономикалық нәтижеге кепілдік бермейді.
    20. Жазылым Брокерге Платформа функционалына қол жеткізу берілген сәттен бастап белсендіріледі.
    21. Төленген Жазылым құны қайтарылмайды. Брокердің Платформа функционалын іс жүзінде пайдаланбауы Жазылым құнын қайтаруға негіз болып табылмайды.
    22. Оператордың кінәсінен Платформа функционалына қол жеткізуді қамтамасыз ету техникалық тұрғыдан мүмкін болмаған жағдайда Брокерге қолданылу мерзімі ұзартылған Жазылым берілуі мүмкін.

  • 5-тарау. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

    23. Оператор міндеттенеді:
    1) Брокерге Платформа функционалына қол жеткізу мүмкіндігін беру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға;
    2) осы Шартты орындау үшін қажетті көлемде Платформаның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге.
    24. Брокер міндеттенеді:
    1) Операторға, оның ішінде Қосылу туралы өтініште, қажетті және шынайы мәліметтерді хабарлауға және Оператордың, Платформаның және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес құжаттарды ұсынуға;
    2) Платформа функционалын пайдалану барысында Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, Оператордың ішкі құжаттарын және Платформаның жұмыс істеу талаптарын сақтауға;
    3) Платформаны Шартта көрсетілген өз өкілеттіктері шегінде ғана пайдалануға, Шарт талаптары мен Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын бұза отырып, тиісті өкілеттіктерсіз Клиент пен үшінші тұлғалар атынан әрекет жасауға тыйым салуды сақтауға;
    4) Платформа мен Клиентке қатысты кез келген ақпараттың құпиялылығы жөніндегі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға, оны жария етпеуге және құпия сақтауға, сондай-ақ оны өз мүдделерінде немесе үшінші тұлғалардың мүдделерінде пайдалануға;
    5) Шартты орындау шеңберінде алынған деректерді өңдеу және сақтау қағидаларының Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес сақталуын қамтамасыз етуге;
    6) Оператормен және Пайдаланушылармен жұмыс істеу кезінде жалпы қабылданған моральдық-этикалық мінез-құлық нормаларын сақтауға, қысым көрсетуге, айла-шарғы жасауға, қорқытуға немесе жаңылыстыратын әрекеттерге жол бермеуге;
    7) Клиенттің, сондай-ақ басқа тұлғалардың атынан немесе мүддесінде сыбайлас жемқорлық және алаяқтық құқық бұзушылықтарды жасаудан және (немесе) оларды жасауға қатысудан бас тартуға;
    8) Клиент пен үшінші тұлғалардың атынан шарттар мен қандай да бір басқа құжаттарды жасаспауға/қол қоймауға;
    9) Клиентпен жасалған шарт бойынша өз міндеттемелерін орындау кезінде Клиенттен ақша қабылдамауға, сондай-ақ Клиент үшін/Клиенттің өтініші бойынша Құрылыс салушыларға, тұрғын үй меншік иелеріне, тәуелсіз бағалаушыларға, нотариустарға, уәкілетті мемлекеттік органдарға, Банктерге және басқа тұлғаларға ақша енгізбеуге;
    10) Клиент пен үшінші тұлғалардың атынан міндеттемелер қабылдамауға;
    11) АО «Отбасы банк» банкіндегі Клиентке банктік қызмет көрсетуге байланысты кредиттік өтінімді беру және сүйемелдеу қызметтері үшін Клиенттен ақы алмауға;
    12) Шарт бойынша міндеттемелерді жеке өзі орындауға және үшінші тұлғаларға Платформаға қол жеткізу мүмкіндігін бермеуге;
    13) Шарттың қолданылу мерзімі аяқталған немесе Шарт бұзылған күннен бастап 3 (үш) жыл ішінде моделі бойынша Платформаға ұқсас жобаларды құрмауға және іске қоспауға, сондай-ақ Платформа элементтерін (құрылымын, интерфейстерін, архитектурасын және т.б.) пайдаланбауға;
    14) Оператордың және Платформаның брендін, фирмалық атауын, тауарлық белгілерін Оператормен алдын ала жазбаша келісусіз пайдаланбауға;
    15) Оператордың атынан әрекет етпеуге, оның атынан жария мәлімдемелер жасамауға, сұхбат бермеуге, жарнамалық немесе PR-материалдарды оның жазбаша келісімінсіз жарияламауға;
    16) Платформаның анықталған осалдықтары мен жұмысындағы қателер туралы Операторға дереу хабарлауға және мұндай ақаулар жойылғанға дейін оларды пайдаланудан бас тартуға.
    25. Оператор құқылы:
    1) Брокерден Шартта және Платформаның жұмыс істеу талаптарында көзделген құжаттар мен мәліметтерді ұсынуды және өзектендіруді талап етуге;
    2) Брокер ұсынған мәліметтерді, оның ішінде үшінші тұлғаларды тарта отырып, тексеруге;
    3) Қазақстан Республикасы заңнамасына және Оператордың ішкі құжаттарына сәйкес Брокермен Шарт жасасудан бас тартуға;
    4) Қазақстан Республикасы заңнамасына және Оператордың ішкі құжаттарына сәйкес, оның ішінде Брокер осы Шарттың 24-тармағында көрсетілген міндеттерді бұзған жағдайда, Брокермен жасалған Шартты бұзуға;
    5) Оператордың Тарифтеріне сәйкес Жазылым түрінде Брокердің Платформа функционалына қол жеткізуі үшін ақы алуға. Жазылым үшін төлем болмаған жағдайда Брокердің Платформа функционалына қол жеткізуі шектелуі немесе тоқтатыла тұруы мүмкін;
    6) Брокермен алдын ала келіспей, Шарт пен Тарифтерге біржақты тәртіппен өзгерістер енгізуге;
    7) Брокерден Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, Шарт бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындауды талап етуге;
    8) Шартқа және Платформаның жұмыс істеу талаптарына сәйкес өзге де әрекеттер жасауға;
    9) Брокердің әрекеттері Қазақстан Республикасы заңнамасының, Оператордың ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, сондай-ақ Операторда Брокердің әрекеттері заңнаманы бұза отырып жүзеге асырылады немесе алаяқтық сипатта деген күдік туындаса, Брокерге Платформа функционалына қол жеткізуден бас тартуға, қол жеткізуді тоқтата тұруға немесе есептік жазбасын біржақты тәртіппен және себептерін түсіндірместен бұғаттауға;
    10) Оператордың пікірінше Клиенттерге, Операторға және (немесе) Пайдаланушыларға залал және (немесе) шығын келтіруі мүмкін мән-жайлар болған кезде Брокердің келісімінсіз өз бастамасы бойынша оның Платформадағы есептік жазбасына қол жеткізуді тоқтата тұруға немесе бұғаттауға;
    11) Клиенттің, Пайдаланушылардың құпия деректерінің заңсыз таратылғаны анықталған жағдайда осы тармақтың 4), 9), 10) тармақшаларында көзделген құқықтарды пайдалануға.
    26. Брокер құқылы:
    1) Оператордан Тарифтерде көзделген көлемде және талаптарда Платформа функционалына қол жеткізуді алуға;
    2) Оператордан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, Шарт бойынша міндеттемелерін тиісінше орындауды талап етуге;
    3) Шартқа және Платформаның жұмыс істеу талаптарына сәйкес өзге де әрекеттер жасауға.

  • 6-тарау. Шарт пен Тарифтерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

    27. Шарт пен Тарифтерге өзгерістер мен толықтыруларды, оның ішінде оларды жаңа редакцияда жазу арқылы енгізуді Оператор Қазақстан Республикасы заңнамасының және осы тараудың талаптарын ескере отырып, біржақты тәртіппен жүзеге асырады.
    28. Оператор Шарт пен Тарифтерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы Брокерді олар күшіне енгенге дейін кемінде 10 (он) күнтізбелік күн бұрын Платформа арқылы хабардар етеді.
    29. Брокер Шарт пен Тарифтерге енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен келіспеген жағдайда, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Шарт пен Тарифтер Платформада орналастырылған күннен бастап 10 (он) күнтізбелік күн ішінде Шартты бұзуды талап етуге құқылы. Егер көрсетілген мерзімде Шартты бұзу туралы талап Операторға келіп түспесе, бұл Брокердің өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Шартпен және Тарифтермен келісуін және оларға қосылуын білдіреді.
    30. Шарт пен Тарифтерге енгізілген кез келген өзгерістер мен толықтырулар, оның ішінде Оператор бекіткен Шарт пен Тарифтердің жаңа редакциясы, олар күшіне енген күннен бастап Шартқа қосылған барлық тұлғаларға, оның ішінде өзгерістер мен толықтырулар күшіне енгенге дейін Шартқа қосылған тұлғаларға да бірдей қолданылады.

  • 7-тарау. Тараптардың жауапкершілігі

    31. Тараптар Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Шартқа сәйкес жауапты болады.
    32. Оператор Банктің банктік қарызды және (немесе) өзге банктік қызметтерді беруден бас тартқаны, Құрылыс салушының немесе тұрғын үй меншік иесінің тұрғын үйге қатысты мәмілелер жасасудан бас тартқаны, үшінші тұлғалардың осы Шарттың нысанасына және Брокер мен Клиент арасындағы құқықтық қатынастарға байланысты қызметтер көрсетуден бас тартқаны үшін жауапты болмайды.

    33. Брокер өзінің кінәсінен немесе абайсыздығынан Операторға келтірілген шығындар және (немесе) залал үшін, оның ішінде құпия ақпаратты жоғалтқаны немесе үшінші тұлғаларға бергені үшін жауапты болады.
    34. Брокер өзі көрсететін қызметтер бойынша заңсыз әрекеттері үшін Клиент пен үшінші тұлғалар алдында дербес жауапты болады.
    35. Брокер осы Шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Шарттың талаптарына сәйкес жауапты болады. Айыппұл санкциялары осы Шартта тікелей көзделген жағдайларда және мөлшерлерде қолданылады.
    36. Шарттың 9-тарауын бұзған жағдайда Брокер Операторға өзі ресімдеген қолданыстағы Жазылым құнының 100%-ы мөлшерінде айыппұл төлейді.
    Бұл ретте Брокер Клиент туралы құпия ақпаратты жария ету салдарынан келтірілген нақты залалды Клиентке өтейді.
    37. Оператор Платформа функционалының үшінші тұлғалар тарапынан туындаған іркілістер, техникалық жұмыстар, шектеулер немесе өзге де мән-жайлар, оның ішінде, бірақ олармен шектелмей, Банктердің ақпараттық жүйелерінің, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің немесе үшінші тұлғалардың ақпараттық жүйелерінің жұмысы салдарынан қолжетімсіз болуы үшін жауапты болмайды. Оператор үшінші тұлғалар тарапынан іркілістер туындаған кезде Платформаның жұмыс қабілетін қалпына келтіру үшін ақылға қонымды шаралар қабылдайды, алайда мұндай іркілістерді жою мерзімдері үшін жауапты болмайды.
    38. Тұрақсыздық айыбының (өсімпұлдың, айыппұлдың) сомасын төлеу Тараптарды Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындаудан босатпайды.
    39. Егер Шарт бойынша міндеттемелердің ішінара немесе толық орындалмауы Тараптар алдын ала болжай алмаған және ақылға қонымды шаралармен алдын ала алмайтын еңсерілмейтін күш (форс-мажор) мән-жайларының салдары болса, Тараптар жауапкершіліктен босатылады. Мұндай мән-жайларға, олармен шектелмей, әскери іс-қимылдар, табиғи апаттар, ереуілдер, жаппай тәртіпсіздіктер, уәкілетті мемлекеттік органдардың тыйым салатын немесе шектейтін шешімдері және т.б. жатады.
    Форс-мажор мән-жайлары туындаған кезде Тараптар олар басталған сәттен бастап 3 (үш) күнтізбелік күн ішінде бір-бірін хабардар етеді.

  • 8-тарау. Дауларды реттеу

    40. Шарт бойынша міндеттемелерді орындау барысында даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды соттан тыс тәртіппен реттеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Келіспеушіліктерді соттан тыс тәртіппен реттеу мүмкін болмаған жағдайда даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Алматы қаласындағы сотта қаралады.

  • 9-тарау. Құпиялылық

    41. Брокер мен Оператор Шарт шеңберінде ұсынылған банк құпиясының, дербес деректердің, қаржылық, коммерциялық және өзге де ақпараттың қатаң құпиялылығын сақтауға міндетті.
    42. Брокер Оператордың алдын ала жазбаша келісімінсіз жоғарыда аталған қандай да бір құжаттарды немесе ақпаратты Шартты іске асыру мақсаттарынан басқа мақсаттарда пайдаланбайды.
    43. Шарттың 44-тармағында көзделген міндеттемелер Клиент жария етуге келісім берген банк құпиясын, дербес деректерді, қаржылық, коммерциялық және өзге де ақпаратты Оператордың (қағаз немесе электрондық жеткізгіште кез келген тәсілмен) ашуына, беруіне рұқсат етілетін мынадай жағдайларға қолданылмайды:
    1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарға, соттарға, мемлекеттік және жеке сот орындаушыларына, сондай-ақ басқа тұлғаларға мәліметтер беру;
    2) Оператор азаматтық-құқықтық шарттар (келісімдер) шеңберінде, оның ішінде ақпараттық жүйелерді/дерекқорларды интеграциялау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайтын үшінші тұлғаларға (мемлекеттік органдарға, мекемелерге, ұйымдарға) мәліметтер беру.
    44. Құпиялылық талаптары Шарт жасалған күннен бастап күшіне енеді және Шарттың қолданылу мерзімі аяқталған немесе Шарт бұзылған күннен бастап 5 (бес) жыл бойы қолданылады.

  • 10-тарау. Өзге ережелер

    45. Осы Шарттың талаптарын Оператор айқындайды және олар Платформада жарияланады.
    46. Осы Шарт Тараптар оны жасасқан күннен бастап күшіне енеді және мерзімсіз қолданылады.
    47. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапты Шартты тоқтатудың болжамды күніне дейін кемінде 10 (он) жұмыс күні бұрын хабардар ете отырып, осы Шартты орындаудан біржақты тәртіппен бас тартуға құқылы.
    Шартты өзгерту немесе бұзу Тараптарды осындай өзгертуге немесе бұзуға дейін туындаған Шарт бойынша міндеттемелерін орындаудан босатпайды.
    48. Шарт Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес түсіндірілуге жатады.
    49. Егер Шарттың қандай да бір ережелері қолданылатын кез келген заңнамаға сәйкес заңсыз, жарамсыз немесе сот арқылы қорғалмайтын болып қалса, мұндай ережелер Оператор мен Брокер арасындағы қатынастарда қолданылмайды. Шарттың қалған ережелері өз күшін және жарамдылығын сақтайды.
    50. Осы Шарт мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалған, олардың әрқайсысының заңдық күші бірдей.
    Шарттың мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндері арасында қайшылықтар болған жағдайда Тараптар Шарттың орыс тіліндегі мәтінін басшылыққа алады.

  • 11-тарау. Брокердің дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімі

    51. Брокер Операторға Қосылу туралы өтінішті жібере отырып, Операторға және үшінші тұлғаларға, яғни қазіргі уақытта да, болашақта да Оператормен Брокердің дербес деректерін жинау, өңдеу және қорғау жөніндегі мән-жайлар немесе құқықтық қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға (бұдан әрі – Келісім) осы Шартты жасасу, орындау және тоқтату мақсаттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мақсаттар мен жағдайларда Брокердің төменде көрсетілген дербес деректерін және оларға болашақта енгізілетін өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды, электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіштерде тіркелген деректерді жинауға және өңдеуге өзінің сөзсіз келісімін береді, оның ішінде, бірақ олармен шектелмей:
    1) шарттық және (немесе) өзге де азаматтық-құқықтық қатынастар туындаған, өзгерген, жүзеге асырылған және тоқтатылған кезде, сондай-ақ оларды орындау барысында өзара іс-қимыл жасау үшін қажетті мәліметтер, сондай-ақ осы мәліметтерді растайтын құжаттар мен құжаттардың көшірмелері:
    - тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
    - жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН);
    - жеке басын куәландыратын құжаттың деректері;
    - қолтаңбасы;
    - банктік деректемелері (банктік шот нөмірі, банктің атауы және БСК);
    - және т.б.;
    2) байланыс орнату үшін қажетті мәліметтер, осы мәліметтерді растайтын құжаттар мен олардың көшірмелері:
    - нақты тұрғылықты жері туралы деректер;
    - тіркелген мекенжайы туралы деректер;
    - байланыс ақпараты (телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайы және т.б.);
    - және т.б.;
    3) Оператордың талабы бойынша өзге де мәліметтер.
    52. Аталған Келісім Операторға мемлекеттік/мемлекеттік емес сервистер арқылы Брокердің дербес деректерін Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілдермен жинау, өңдеу (оның ішінде автоматтандырылған өңдеу) және трансшекаралық беру құқығын қамтиды; бұл құқық Шартты және (немесе) үшінші тұлғалармен өзге мәмілелерді жасасу және орындау, оның ішінде Брокердің олар бойынша міндеттемелерін тиісінше орындауы мақсатында, сондай-ақ Оператор және (немесе) Брокер және (немесе) үшінші тұлғалар арасында, оның ішінде Брокер және (немесе) Оператор мән-жайлармен немесе қатынастармен байланысты тұлғалармен кез келген қатынастардың туындауына немесе туындау мүмкіндігіне байланысты беріледі; бұған, олармен шектелмей, қызметтер көрсету, оның ішінде қызметтер көрсетілгенге дейін және оларды көрсету барысында кез келген әрекеттерді/мәмілелерді жасау, хабарламалар мен талаптар жіберу, сондай-ақ хабардар ету, оның ішінде кез келген мәліметтер мен ақпаратты сұрату және алу, сондай-ақ Оператордың қалауы бойынша бұрыннан бар немесе болашақта туындайтын құқықтық қатынастарға байланысты ақпаратты, дербес деректерді және оларға болашақта енгізілетін өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды, электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіштерде тіркелген деректерді, оның ішінде жалпыға қолжетімді дереккөздерде жинау, өңдеу және тарату қажеттілігі туындайтын/болатын өзге де жағдайлар жатады.
    53. Дербес деректердің қолданылу және сақталу мерзімі, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, оларды жинау және өңдеу мақсаттарына қол жеткізілген күнмен айқындалады.
    54. Оператор Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын және/немесе Тараптар қол жеткізген уағдаластықтарды сақтаған жағдайда, Брокердің бұдан былай дербес деректерді жинау мен өңдеуге қатысты Операторға қандай да бір талап-шағымы болмайды.
    55. Оператор алдында орындалмаған міндеттемелері болған жағдайда және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін жағдайларда Брокер Келісімді кері қайтарып ала алмайды.